Балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлем түсті. 18 жасқа дейінгі 7 млнға жуық әр ел азаматына 100 АҚШ доллары аударылды. Бұл - Ұлттық қордың былтырғы инвестициялық табысының тең жартысы. Енді жылына бір рет әр бала үкіметтен осылай үлесін алып отырады. Кәмелетке толғанша балалардың бұл қаржысына ешкім иелік ете алмайды. Айсәуле СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: Бүгін Қазақстанның Ұлттық қорынан ГРАФИКА: 6 млн 919 мың 313 баланың шотына қаражат аударылды. Бұл балаларға нысаналы жинақтау шоты автоматты түрде ашылған. Тізімде менің де 1,5 жасар қызым болуы тиіс. Балама ақша түсіп пе тексеріп көрейін. Ол үшін Kids.enpf.kz сайтына кіріп, баланың жеке сәйкестендіру номерін енгізесіз. Немесе ата-аналар enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталынан тексере алады. Міне, менің баламның да алғашқы үлесі түскен. Мұрат ШӘРІПОВ, БЖЗҚ АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Бұл алғашқы есептеу екенін түсіну маңызды. Жыл сайын есептелген сома Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен ұлғаяды. Есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялауды жалғастырады және балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі. Кәмелетке толғандар бұл қаражатты тұрғын үйге немесе білім алуға пайдалана алады. Ал құжаттары уақытылы реттелмей, қаражаттан қағылғандар болса, уайымдаудың қажеті жоқ. Өткізіп алған кезең үшін келер жылы толық төленеді, - дейді мамандар. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, Үкімет бұл қаражатты жыл сайын арттыруды мақсат етіп отыр. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Азаматтарымыз еліміздің ресурстарынан түскен пайдадан қандай да бір дивиденттерді алуы маңызды. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен осындай әлеуметтік әділдік орнату үшін жүзеге асырылды. Бүгін бұл сома сондай көп емес шығар. Бірақ алдағы уақытта Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу тапсырмасы тұр. Яғни, қор дами береді. Қаражаттың төлену тәсілдері туралы Үкімет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері егжей-тегжей түсіндірді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин балаларға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артады деп жазды телеграмм каналында. Ерлан КАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ: Мемлекет басшысының бастамалары біртіндеп орындалып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында айтылған негізгі бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іс жүзінде жүзеге асырылып, балаларымыздың есеп-шотына Ұлттық қордан төлемдер түсе бастады. Кешеден бері жұрт балаларының шотын тексеріп, қуаныштан төбесі көкке жетіп жатыр. Енді бүлдіршіндеріміздің болашағына алаңдамаймыз дейді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Білім алуына, баспаналы болуына. Бүгінде әлеуметтік мәселелердің ең өзектісі осы болып тұр ғой. - Президент бастамасымен Ұлттық қор балаларға жобасы аясында әр баламыздың шотына 100 доллардан түсіп жатыр. Әрине бұл балаларымыздың 18-ге толғанда шамалы болса да инвестиция. Соған да шүкір. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Балаға болашақ инвестиция ғой - Қызым звондады, Шыңғырлауда тұрады. Үш баласы бар. 100 доллардан уже счетқа түсіп жатыр. Скриншот жіберіп жатыр маған қуанып, рақмет! - Болашағына пайдасы бар. Балалар шетелге барады әлде мұнда жақсы жерде оқиды. Ондайда көп ойланбай, сасқалақтамай жақсы білім алады. Балаларға түскен ақшадан табыс салығы алынбайды. Және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры оператор ретінде көрсеткен қызметі үшін комиссия ұстамайды.