Елімізде азаматтық қорғау жүйесі 1995 жылы құрылды. Алғашында комитет болып жасақталып кейін агенттік, одан соң министрлікке айналды. Бір кездері Ішкі істер министрлігі құрамына қосылып, 2020 жылы қайта дербес ведомство болды. Төтенше жағдайларды жою қызметі осы 28 жыл ішінде 400 мыңнан аса адамды апаттан аман алып қалған.Ел аумағында жыл сайын 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы апат тіркелсе, оның 15 мыңы өрт оқиғасы. Төтеншеліктер 8 мың азаматты құтқарып, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялаған. Зардап шеккен 4,5 мыңына медициналық көмек көрсетілді. Бұл -құтқарушылардың бір жылдағы атқарған жұмыстарының нәтижесі. Ал, биыл 9 мың тұрғынды тілсіз жаудан аман алып қалды. Сырым ШӘРІПХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Ағымдағы жылы 9 айында 9 мыңнан астам төтенше жағдайлар тіркелді. 1,5 мыңға жуық азамат зардап шекті. 539 адам қаза тапты. Материалдық шығынның шамамен 171 млрд теңгені құрады. Қазақстан құтқарушылары өзге де мемлекеттерге барып, ондағы жұртқа көмегін көрсетіп жүр. Саланың сақа маманы Бисенғали Дүйсебаев биыл Түркия мен Ауғанстандағы зілзаладан зардап шеккендерге қол ұшын созды. Бисенғали ДҮЙСЕБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫ МАМАНЫ: Екі мемлекеттегі үйлердің айырмашылығы ең бастысы. Түркия мемлекетінде өзіміздің Қазақстан, басқа мемлекеттердегідей железнобетонный үйлер, көп қабатты үйлер болғандықтан ол жақпен Ауғанстандағы жұмыс бір-біріне ұқсастығы келмейді. Ауғанстанда сабан үйлер, сабан кірпіш үйлер. Бүгінгі таңда азаматтық құтқару органдарында 27 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Кадр жетіспеушілігі бары рас. Оған басты себеп, жалақының аздығы. Бірақ осы мамандықты жаны қалағандар өз мақсаттарынан бас тартпай, құтқарушылар сапынан табылады. Сален КЕЛДІБАЕВА, №16 ҚАЛАЛЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ РАДИОБАЙЛАНЫСШЫСЫ: Мен кішкентайымнан осындай бір мамандықта жұмыс жасағым келді. Халыққа қызмет көрсетіп. Сол осы мамандықты таңдадым, осы жұмысты. Енді көтерілді ғой. Ол кезде көтерілмеген болды. Сосын барып көтерілді. Маған бірақ жалақы қызық болған жоқ, мен білген жоқпын қанша жалақы болып жатқанын. Құтқарушылар қызметі қауіпке толы. Олар өз амандықтарынан бұрын көмекке зәру жанға қол ұшын созуға даяр тұрады. Осы жолда опат болғандары да жоқ емес. Бұл мамандықтың қауіптілігі де, қасиеттілігі де осында!