2022 жылы елімізде әлеуметтік салада көп жаңалық болды. Жаңа мектеп, ауруханалар мен мәдени-қоғамдық нысандар ашылды. Әлеуметтік төлемдердің көлемі артты. Әлеуметтің әлеуетін арттырған жаңашылдықтар жайын тілшіміз толығырақ тарқатады. Елімізде жыл басынан бері 453 балабақша ашылды. Нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі 98,4%-ға жетті. 106 мың оқушыға арналған жаңа 201 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, биыл Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. 2025 жылға дейін жаңа форматтағы 400 мектеп салынбақ. Онда қажетті оқу жабдықтарымен, бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелері толықтай жабдықталады. Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: Біз әр жылға бөліп тастадық. Әр жыл сайын 200 мектеп салу көзделген. Мәселен, былтыр 277 мектеп салынды. Биыл да осындай білім ошақтарын салудамыз. Биыл жаңадан 87 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны іске қосылды. 4 емхана, 24 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт және 43 медициналық пункт бар. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде ашылған. Ана мен бала өлімін азайту мақсатында тұқым қуалайтын ауруларды анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтен өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды. Олар шалғайдағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Ботагөз ӘБДИЕВА, ЕМХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Жалпы 70 мыңнан астам халыққа қызмет етеді. Ең тиімділігі барлық медициналық қызмет түрлері, осы бір орталықта. Ең негізгі жанұяның өзінің лабораториясы бар. Ол лабораторияда барлық анализ алынады. Әлеуметтік саланы сөз еткенде, азаматтардың табысын арттыру мәселесін айналып өтуге болмайды. Биыл 3 млн-нан астам адамның жалақыс өсті. Дәрігерлердікі 30%-ға, мұғалімдердікі 25%-ға, бюджет саласының қызметкерлерінің айлығы 20%-ға, өндірістік қызметкерлердікі 10-50%-ға артты. Фариза ӘМІРЖАНОВА, ЖАС МАМАН: Жас мамандарға барлық мүмкіндіктер жасалған. 2022 жылдан бастап біздің жалақымызды көтерді. Бұл медицина қызметкерлеріне мотивация береді. Қарлығаш ТАЙМАСОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: Бірқатар көмек, қосқандары. Үкімет дұрыс істеп жатыр. Галина ӘЛДЕБАЕВА, ДӘРІГЕР: Айлық жалақымыздың өскені қуантады. Себебі, мен медицина саласында 30 жылдық тәжірибем бар. Біз, уақытпен санаспай науқастарға қызмет етеміз. Кейде жұмыс ауыр. Бірақ, айлықтың артып жатқаны қуантады. Күрделі сыртқы экономикалық жағдай, ішкі дағдарысқа қарамастан, Үкімет әлеуметтік саланы жоспарлы түрде дамытуды жалғастырып келеді. Ең бастысы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүре бермек. Р. Бақытжанқызы