2024 жылы 180 мың студент жоғары стипендия алады. Бұл туралы Мәжілісте «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты. Сондай-ақ, биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру басталды. Бекітілген ұлттық жобаға сәйкес, 2023-2025 жылдары 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғынын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында бірқатар әлеуметтік объектілер салу көзделіп отыр. Абзал БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Жалпы, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылып отыр. Трансферттерді есептемегенде, 2024 жылға арналған кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде жоспарланып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге. Аталған қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады