2024 жылы "Алматы - Джидда" бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады. Рейс аптасына екі рет орындалады, деп хабарлайды Туризм және Cпорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті. Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Қазақстан мен Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысына қатысқан. Пленарлық отырыста Ержан Еркінбаев елдер арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың кеңейгенін атап өткен. Мәселен, келесі жылдан бастап Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында "Алматы-Джидда" бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады. Рейс аптасына екі рет орындалады. "Біз – жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер және Сауд Арабиясының туристік компаниялары үшін еліміздің туристік әлеуетін көрсету мақсатында ақпараттық тур ұйымдастыруды ұсындық. Бұл – Сауд Арабиясының азаматтарына Қазақстан табиғатының көркем пейзаждарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді", - дейді Ержан Еркінбаев. Айтка кетейік, бұған дейін 2024 жылы Алматы - Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылатынын хабарлаған едік. Елдер арасындағы рейстерді Сауд Арабиясының FlyNas әуекомпаниясы 2024 жылдың көктем-жаз маусымынан бастап аптасына 7 рейс жиілігімен орындайды.