Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Президент БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтетінін атап өтті.«Жаңа айтқанымдай, кейінгі жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни, жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Кейбір болжамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жылда әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі. ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляциологиялық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді. Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді. Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі оның мерзімі биыл аяқталады. БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Саммитке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.