Қазақстандық жас дизайнер Лааль Авгамбаева Лондонда өткен Silk Road Fashion сән қойылымында өз топтамасын таныстырды.Сенбі күні Лондонның 250 жылдық тарихы бар De Vere Grand Connaught Rooms қонақүйінің үлкен залында Әзербайжан, Ұлыбритания, Қазақстан және Қырғызстаннан келген дизайнерлер британдық талғампаз жұртшылықты таңқалдырып, шабыттандырды.Сән көрсетілімін 2018 жылдан бері Лондонда Silk Road Fashion сән қойылымын өткізіп жүрген қазақстандық продюсер Алма Фамэ ұйымдастырды. Сән көрсетілімінің басты мақсаты - идея алмасу, Жібек жолы елдерінің дизайнерлерін ілгерілету және әлемдік сән қауымдастығын дамыту.Silk Road Fashion сән көрсетілімі сән әуесқойларының армандары мен қиялдарын жүзеге асырды. Айта кетсек, бұл күндері Ұлыбритания астанасында жаһандық сән индустриясының басты оқиғаларының бірі – Лондон сән апталығы өтуде. Сән тілімен бейнеленген қазақ тарихы мен ұлттық мәдениеті қазақстандық кутюрье, 21 жастағы Лааль Авгамбаеваның топтамасынан көрініс тапты. Көшпенділердің өмір салты мен Ұлы дала табиғатынан шабыт алған қазақстандық модельердің Ұлыбритания астанасына жол шығынын талантты жастарға арналған «ЖАСSTAR GRANTS PROGRAM» гранты ішінара өтеді.