Елімізде АИ-95 маркалы жанармай қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тілшілердің сауалына жауабында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Үкімет мүшесінің сөзіне қарағанда, АИ-92 маркалы жанармайдың қажетті қоры жиналған, яғни жеткілікті. Мұнай өңдеу зауыттары мен базаларында 23 күнге жететін қор бар."Демек, АИ-92 бензинінен қауіп жоқ, АИ-95 маркасына қатысты белгілі бір тәуекелдерге кезіктік. Яғни, баға өсуі мүмкін. Жазғы кезеңінде көлік жүрісінің жиілеуіне байланысты бұл мәселе реттеле қоймайды. Әсіресе курорттық аймақтарда қозғалыстың арта түсетіні анық. Сондықтан да біз АИ-95-ке қатысты баға өсімі қатерін байқап отырмыз", - деді Алмасадам Сәтқалиев.Ол кез келген ахуалдың бақылауда болатынын да жеткізді."Жағдайды бақылауда ұстап отыруға тырысамыз. Мұнай өндіруші ұйымдармен, Ресей Федерациясының желілік компанияларымен АИ-95 бензин көлемінің импортын қамтамасыз ету туралы кеңестер ұйымдастырамыз", - дейді министр.