Астана қаласындағы ғимараттардың 80 пайызында өндірістік альпинистер үшін қажет қондырғылар орнатылмаған. Яғни, биік үйлердің терезесін жуатындар басын қатерге тігіп жүр. Оның үстіне бізде өндірістік альпинизм – қауіпті мамандықтардың қатарында емес. Сондықтан бұл салаға салғырт қарайтындар көп. Тіпті нақты бір министрліктің құзыретіне кірмейді. Оларды даярлайтын мекемелерге де қатаң талап қойылмайды. Сүндет Оралбекті тыңдайық.Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ: Терезе жуу күрделі жұмыс емес. Айғызын кетіріп, айнадай қылу екінің бірінің қолынан келеді. Бірақ биік ғимаратқа шығуға жүрегі дауалайтындар санаулы. Шыны керек, жоғары қабатқа шығуға мен де қорықтым. Оның үстіне ешқандай қауіпсіздік белдіктерім жоқ. Биікке қарап-ақ басың айналады. Өндірістік альпиниске қойылатын талап көп. Қиыншылыққа қарамастан Мұсылман Назаров 12 жылдан бері құс ұшар биіктікте жұмыс істеп нәпақа тауып жүр. Осы уақыт ішінде біраз әріптесінен айырылды. Өзі де биік ғимараттан құлап, бір өлімнен аман қалған. Мұсылман НАЗАРОВ, ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИСТ: Жұмыс қиын, оңай емес. Байланатын жер жоқ жоғарыда. Сол жағы қиын. Өзімде 3 этаждан құлап көргем негізі. Қолым шығып, сондай жағдайлар да болған. Астанада 83 жастағы зейнеткер 5-қабаттан түсіп бар жатқан өндірістік альпинисті ұры деп ойлап, арқанын кесіп жіберген. Абырой болғанда зардап шекпеді. Олардың жұмысы осындай қауіпке толы. Тағдыры арқанға байланып тұр. Керек-жарақты алу үшін де қомақты қаржы жұмсайды. Әрқайсысы 2 млн теңгеге дейін жаратады. Айлық табыстары маусымға байланысты. Жазда жоғары болады. Шамамен 700 мың мен 1 миллион теңге аралығында. Өйткені терезе жууға, салқындатқыш орнатуға тапсырыс көп түседі. Ал қыста тек бизнес орталықтарының шатырын қардан тазалайды. Альпинист болу қиын емес. Сертификатын алсаңыз жеткілікті. Үш ай ғана оқисыз. Нұрмағамбет ЖАМБАЛИН, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз тек қысқа мерзімде оқытамыз. Теория мен практика қатар жүреді. Оқу барысында арқанды байлау секілді ұсақ-түйекке дейін үйретеміз. Негізінен оқуға деген сұраныс көп емес. Бұл салада кикілжің көп болады. Мысалы, Альпинистердің басшысы мен тапсырыс беруші сол объектіде жүруі тиіс. Кем кетігін қарап, бақылауы керек. Бірақ бізде олай емес. Бір-біріне сеніп, бақыламайды. Соның салдарынан қайғылы жағдай көп орын алуда. Расында қайғылы жағдай аз тіркеліп жатқан жоқ. Өндірістік альпинистердің мәселесіне үңілетін кез әлдеқашан жеткен секілді.