Танымал блогер Айжан Байзақова ұлтын білу үшін тест тапсырды. Ол жеке парақшасына видео жүктеп, тест қорытындысын оқырмандарымен бірге ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Блогердің айтуынша, қазақ екеніне еш күмәнданбаған. “Жақында ұлтқа қатысты тест тапсырдым. Жауабы келіп тұр, бірге көрейік. Өмір бойы өзімді қазақпын деп келсем, мына қорытындыда 13 пайыз ғана қазақ екенімді көрсетіп тұр. Орыс – 12 пайыз, солтүстік Кавказ – 12 пайыз. Орыс асханасы мен банкаларын не үшін жақсы көретінім түсінікті болған шығар”, – деп тест қағазын көрсетті. Тест нәтижесіне күйеуі де таңғалып қалған. “30 жыл бойы қазақпын деп ойлайсың. Бірақ ұлтыңды анықтауға арналған тест қорытындысы олай емес дейді. Бұл жерде біреудің құпия сақтағанын біліп аласың. Шынымды айтсам, бұл маған әсер етпеді. Менің жан дүниемде ештеңе өзгермегенін айтқым келеді. Бұл қағаз да ештеңені өзгертпейді. Мен қазақпын”, – деп сөзін нақтылады блогер.