Бекарыстан Аманжолов «бауыр церрозы» дертіне шалдыққан досының 4 айлық қызына донор болып, бауырының бір бөлігін бөліп берді.Донор болу – ол үлкен жауапкершілік әрі мұндай шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің консультанты Бекарыстан ештеңеге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу үшін өз еркімен донор болуға ниет білдірген,-деп хабарлайды Aikyn.kz. "Алғашқы операциямыз сәтті өтті. Маған да жақсы өтті деді. Операциядан кейінгі процесс те жақсы жүріп жатыр деді. Тек балада бір қиындықтар болып, қайтадан операция жасалды. Енді сол отаның нәтижесін күтіп отырмыз. Операция балаға сәл ауырлау болды, себебі жаңа бауырды қабылдау ол оңай емес. Бүкіл қауіп-қатерді ескере отырып, осындай шешім қабылдадық. Себебі барлық мүмкіндікті көру қажет. Ал қазір бала дәрігерлердің бақылауында, жағдайдың жақсаруын әлі де күтіп отырмыз",-дейді Бекарыстан.