Танымал әнші, кәсіпкер Мөлдір Әуелбекова жаңа қонысына қашан көшетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.Алдымен әнші ұлының ерекше есіміне тоқталды. Ерте есейген ұлының таным көкжиегінің кең екенін айтып мақтанды. “Ұлымның атын әкесі қойды. “Сал” деген сөз “сері, сегіз қырлы” деген мағынаны білдіреді. “Тай” сөзі, жылқыға қатысты құлыншақтай өссін деген ниетпен қойылған. Арабша мағынасы да бар. “Денсаулығы мықты, ауырмайтын адам” деген сөз. Негізі әкесі досының құрметіне қойған. Ұлды болсам, сенің атыңды қоям” деген уәдесінде тұрды”, – әнші. Сондай-ақ әнші ұлының тым ақылды екенін де алға тартты. Көп мәселеде пікірін айтып, ойын анық жеткізе алады екен. “Ұлымның арқасында ата-анамнан алғаш рет бөлек тұрайын деп жатырмын. “Өз үйіміз болсыншы” деп айтып жүргеніне бір жылдай уақыт болды. Осы күнге дейін ата-анамнан бөлек кету ойымда болмапты. Өнерде жүргенде тек ата-анам мен бауырларыма ғана жағдай жасаппын. Жыл сайын үй алып, көлік мінбегенмін. Бәрін тек жақындарым үшін жасаппын. Балаларым өскенде ғана дүние жинау керегін түсіндім. Ата-анамның жасы үлкейіп келе жатқасын көбірек жандарында болғым келеді. Көзі тірісінде бағалап, аялағанға не жетсін?!. Үй алып бөлек шығамын деген ой болмапты. Өзіміз соққан, аумағы 400 метр үйге сыймай қалдық. отбасында үш ағайындымыз. Екі қыз, бір ұл. Інім Ерсұлтан да сол шаңырақта тұрады. Енді оның орны сол жер тұратын. Жалғыз тұяқ болғасын қара шаңыраққа ие болып отыр. Ініімнің төрт баласы бар. Осы күнге дейін бәріміз бірге тұрғанбыз. Енді бөлек шығайын деп жатырмыз. “Бірге тумақ болғанымен, бірге тұрмақ жоқ” екен”, – дейді әнші. Өнер иесі балалары мен бауырларының арасындағы аздаған келіспеушілік пен таластың барын да жасырмады. “Ата-ана бауырларыңмен сыйып тұрғанымен, балалар болғасын сәл қиындау екен. Балалардың арасында әңгіме жүргенін өзім де естіп қалдым. Бір күні балам: “Мынау біздің үй емес па?” деп сұрағанда, бәрін түсіндім. “Менің өз бөлмем жоқ, деген әңгіме айта бастады. Барлық отбасында бар шығар деп ойлаймын, “ойыншықтарға таласу, сәл нәрсеге ренжу” деген дүниелер болды. Сонымен қаражаттың басын құрап, жаңа пәтер алдық”, – деп ағынан жарылды әнші.