Енді әлемнен аз-кем ақпарат. Ауғанстанның жекеменшік мектептерінде сабақ тоқтатылды. Ал 46 миллионнан астам халқы бар Судандағы соғыс әлі басылар емес. Қаза тапқандардың саны күн санап көбеюде. Мексикада ұлттық гвардия жауынгерлері жазықсыз жандарға оқ жаудырды. Шартарапқа әріптесім Сүндет Оралбеков шолу жасады.Ауғанстандағы ауыл балалары да білім алады. Үкіметтік емес ұйымдар қыздар мен ұлдарға арналған сыныптар ашпақ. 178 ұйым білім беру саласында белсенді жұмыс істемек. Бірақ білім министрлігі жеке мектептердің «жобалары мен қызметін» тексеру үшін сабақты тоқтатқан. Абдул Рахман ХАБИБ, АУҒАНСТАН БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ: 34 провинцияда білім беру секторында 178 жеке меншік,118 отандық және 60 шетелдік ұйым белсенді жұмыс істейді. Судандағы соғыс басылар емес. Үш күнге созылған қақтығыста 185 адам қаза тауып, 1800-ге жуық адам жарақат алған. Судан астанасы Хартуммен өзге де қалаларда жалғасып жатқан қарулы қақтығысқа жауласушы тараптар әскери ұшақтарды, танктерді, артиллерия мен өзге де ауыр арсеналды қолданып жатыр. Қақтығыс мемлекеттің іс жүзіндегі президенті генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрхан мен президенттің орынбасары генерал Мохамед Хамдан Дагало арасындағы кикілжіңнен туындаған. 48 жасар Беатрис Фламини 500 күнін жер астында өткізді. Сьерра-Невада тау жотасындағы үңгірге ол 2021 жылдың 20 қарашасында түскен. Жарты ғасырлық мерейтойын 70 метр тереңдікте атап өтті. Эксперимент барысы бейнебақылау камераларының көмегімен қадағаланды. Беатрис уақытын тиімді өткізгенін айтты, бірақ ол тез сөйлеуді ұмытып, нақты күнді айта алмайды. Беатрис ФЛАМИНИ, АЛЬПИНИСТ: Мен әлемде не болғанын білмеймін. Расымен, қиын сәттер көп болды. Бірақ бұл оған тұрарлық болды. Әрине мен қалыпты сөйлей алмаймын, себебі бір жарым жылдан бері ешкіммен сөйлеспедім. Өмірден ләззат алу керек. Мен ләззат алу үшін сонда болдым.Мексика Ұлттық гвардиясының мүшелері бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Нуэво-Ларедоның адам құқықтары жөніндегі комитетінде айтылғандай, тәртіп сақшылары көліктерді шатастырып алған. Қарулы қарақшылардың орнына көлікте жазықсыз адамдар болды. Салдарынан екі адам көз жұмды, оның бірі жүктіліктің 8 айында болған Мириам Флорес. Тағы үш адам жарақат алды. Раймундо РАМОС, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ КОМИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл Ұлттық гвардия қызметкерлерінің тікелей агрессиясы болды. Көлікке 86 оқ атылды. Гвардияшылар есірткі мен қару жоқ екеніне көздері жеткен соң, оларды тастап кетті. Тіпті алғашқы көмек те көрсетілмеді. Ал қыз ауруханаға уақытында әкелінсе, аман қалуы мүмкін еді. Нуэво-Ларедо мен Тамаулипас штатында кісі өлтіру мен қарақшылық шабуылдар өршіп тұр. Мексикалық есірткі картельдері АҚШ тағы контрабанда маршруттарын бақылау үшін ұзақ уақыт бойы қанды соғыстар жүргізіп келеді. С. Оралбеков