Түркістан облысында Ордабасы аудандық орталық ауруханасының перзентханасында 54 жастағы әйел ұл туды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.Әйел жасанды ұрықтандыру арқылы жүкті болған. Нәрестенің салмағы – 4 510 грамм.Қазіргі уақытта ана мен бала өзін жақсы сезінеді. Бұл отбасының екінші баласы, бірінші баласын әйел 51 жасында босанған. Ол – қыз бала. Ананың қуанышында шек жоқ. Әйел дәрігерлерге алғысын айтты. "39 жасымда тұрмысқа шықтым. Бұған дейінгі жүктілігім сәтсіз болды. Көп жыл бала көтере алмадым. Отбасында бала болмаған өте қиын. Соншама жыл өміріме әйтеуір бірнәрсе жетіспей тұратын. Не нәрсеге екенін өзім де білмедім. Сосын күйеуім екеуміз жасанды ұрықтандыруға бардық. Содан тексерілуді бастап кеттік", - дейді 54 жастағы ана Сәндігүл Үсенбай. Нәрестенің әкесі Сәрсен Бекмұрат 64 жаста. Ол инженер-гидротехник болып 45 жыл еңбек еткен."Ұл дегенде қатты қуандым, қуанышымда шек жоқ. Ұлымның есімін Нұрмұхамед деп атадым. Жасарып кеткен сияқтымын. Әйелім аяғы ауыр кезде ащы нәрсені көп жеді. Жасым 64-ке келсе де балаларымның шуынан еш шаршамаймын, керісінше жаным рахаттанады", - деді Сәрсен Бекмұрат.