Оралдық ғалымдар бюджеттен 55 миллион теңге жымқырды деп айыпталуда. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Бас прокуратура. Құзырлы органның дерегінше, Жәңгір хан атындағы Аграрлық-техникалық университетке аса қауіпті аурулардың таралуын ғылыми зерттеу жұмыстары үшін 55 миллион теңге бөлінген. Зерттеу нәтижесін халықаралық конференцияларда талқылап, ашқан жаңалығын патенттеп алудың орнына ғалымдар ақшаны амалын тауып, қалтаға басыпты. Бірақ оқу орнының өкілдері ғылымға бөлінген ақшаны жымқырып қалған деген күдік бар. Дархан ДҮЙСЕМБАЙ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Университет ғылыми зерттеу жұмыстарын формальды жүргізген және патент алмаған. Бұған қарамастан атқарылған жұмыстар туралы жалған акті жасалып, бөлінген қаражат ұрланған. Прокуратураның тапсырмасы бойынша қылмыстық істі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеуде.