Жамбыл облысында өрт сөндірушілер өзара төбелес шығарды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылары Тараз қаласының орталығында төбелесіп, оның соңы кісі өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.«Лаура» қонақүйінің маңында болған төбелеске лауазымды тұлғалар қатысқан. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның қатты соққыдан сұлап түскені анық байқалады. Соққыға жығылған адам жедел жәрдем көлігі келгенше жан тапсырған. Кейін марқұмның Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және құтқару қызметінің бөлім басшысы екені анықталды. Ал оны ұрып өлтірген адам №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы болып шыққан. Төтенше жағдайлар министрлігі аталған жағдайға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ. Әріптесін ұрып өлтірген күдікті ұсталып, қылмысын толық мойындаған. Аталған жағдайға қатысты полиция қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеуге өрт сөндіру қызметінің өзге де қызметкерлері алынды. «17 қарашада Тараз қаласындағы М.Х. Дулати көшесінде ер адамдар сөзге келіспей қалып, олардың біреуі екіншісіне соққы жасаған. 41 жастағы ер адам алған жарақатынан жедел жәрдем қызметі келгенге дейін қайтыс болған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жанжалға қатысушылардың Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екені анықталды. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Істің толық мән-жайын анықтау үшін оқиғаның барлық қатысушылары полиция бөліміне жеткізілді.Қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеп-тексеру жүргізілуде», - деп хабарлады Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі. Қаза болған подполковниктің артында алты баласы жетім қалды.