Депутаттың сөзінше, елімізде 8,4 млн азаматқа 18,1 триллион теңге несие берілген, деп хабарлайды Aikyn.kz.Осы азаматтардың арасында 90 күннен артық 2 триллион теңгеге міндетін орындамаған адам саны 1,8 млн. құраған. Депутат тұтынушы несие нарығының кері көрсеткішінің басым бөлігін лудомандар құрайтынын атап өтті. «Құмарлықтың соңы әр жанұяға қасірет болып, арты қайғылы оқиғаларға соқтырып жатыр. 3 676 суицидтің әрбір 5-ші жағдайы құмар ойынына байланысты. Өлімнен қорлық жаман дейді. Кім осы бизнестің құрбаны болғаны үшін жауапкершілік алады? Мектеп жасындағы 3,5 млн. баланың 700 мыңнан астамы 1 рет болсын бәс тіккен. Бұл Қазақстандағы 1 млн-нан астам құмар ойыншы санының одан да ары өсетінін көрсетеді»,—деді ол. Руслан Берденов лудоманиямен күресудің бірнеше жолын ұсынды. «Бірінші: Онлайн құмар ойындарына толығымен тыйым салу. Екінші: Букмекерлік бизнес жарнамасына толығымен тыйым салу. Үшінші: Ойын бизнесі қызметтеріне салық мөлшерлемелерін көтеру. Себебі ағымдағы салық төлемдері тұрақты. Яғни қанша пайда тапса да бір салық мөлшерін төлей береді. Айналымның ұлғаюы тек букмекерлерге тиімді. Төртінші: Салық кодексіне құмар ойындары лицензиясы үшін төлемақы мөлшерін көтеру. Бесінші: Корпоративтік табыс салығын ағымдағы 20%-дан 30-40%-ға көтеру. Алтыншы: Букмекерлердің аппаратық программалық жүйелерін мемлекеттік табыс департаменті жүйесіне қосу. Мақсатымыз осы бизнестің нақты айналымын анықтау, салық төлемдерінің толыққанды бюджетке түсуін қадағалау. Жетінші: Әр ойыншыға жеке ID беру және зейнетақы төлем мөлшеріне байланысты ставка қою мөлшеріне шектеу жасау. Сегізінші: Казинолар мен букмекерлер орналасқан жер телімдерінің салығын көтеру»,—деді депутат.