Ақтөбе-Атырау тасжолында жол-көлік оқиғасы болып, бір мезетте үш көлік соқтығысты. Жүргізуші негізгі трассаға шыққан кезде ережені сақтамаған. Бүгін сотта кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды деп хабарлады turkystan.kz.Оқиға биыл ақпан айында Ақтөбе-Атырау тасжолында болды. Іс материалына сүйенсек, «ВАЗ-21140» маркалы автокөлігін басқарған 55 жастағы жүргізуші тасжолға шығар кезде негізгі бағытта келе жатқан «LADA Largus» көлігімен соқтығысты. Қатты соққы кезінде «LADA Largus» көлігі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, «Kia Sorento» автокөлігімен соқтығысты. Оқиға орнында 5 адам қаза тауып, аудандық ауруханада 3 адам көз жұмған. Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Бүгін сотта үкім шықты. «Сот отырысында сотталушы тағылған айыпты толық мойындады. Прокурор тағылған айыпты қолдап, соттан сотталушыны 7 жылға көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот сотталушының шын жүректен өкінгенін және келтірілген материалдық, моральдық шығындарды өтегенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде негізге алды. Сонымен қатар сотталушының денсаулық жағдайы назарға алынды. Қазір ол онкологиялық дертке шалдыққан және ІІІ топтағы мүгедек. Жазаны ауырлататын мән-жәй жоқ. Соттың үкімімен К. кінәлі деп танылып, оған 7 жылға көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі деп белгіленген. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады Мұғалжар аудандық сотының баспасөз қызметі.