Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайызды құрайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты.«Жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайызды құрайды. Бұл ресми статистика. Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар екенін білесіздер. Яғни, олар ресми тіркелмеген. Бірақ, жұмыс істейді, ал міндетті зейнетақы жарналары және басқа да өзге аударымдар жүргізілмейді», - деді Олжас Орбаев БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында. Осы ретте спикер журналистер сауалына орай жұмыссыз жастардың саны шамамен 80 мыңға жуықтайтындығын атап өтті. Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетуде жұмыстың проактивті форматын кеңейтетіндігін жазған едік.«Проактивті форматтың мәні мынада. Егер бұрын азамат қандай да өмірлік жағдайда қызмет алу үшін мемлекетке баратын болса, ендігі уақытта бұл әдісті өзгертеміз. Енді мемлекеттік түрлі деректер базасының, ақпараттық жүйелердің арқасында мемлекет адамда қандай да бір өмірлік жағдай орын алғанын көреді және азаматтың келгенін күтпейді. Проактивті форматта онымен байланысқа шығып, белгілі бір төлемді, қандай да бір қолдау іс-шарасын алуға құқығы бар екенін хабарлайды. Яғни, бұл орайда біз әдісті өзгертеміз. Осынау проактивті әдіс философиясын кеңейтетін боламыз. Біз үшін ешкімнің де мемлекеттік қолдау іс-шарасынан тыс қалып қоймауы маңызды», - деген болатын вице-министр.