Алматыда «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсауы кесілді. Баспа қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан бірегей серия жасақтаған. Мәселен, бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран», ал ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың шығармалары топтасқан кітаптар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен басып шығарылды. Оқырманға жол тартқан кітаптар тізімінде тәуелсіз Қазақстанның көрнекті қаламгерлерінің туындылары да бар. Сондай-ақ мұнда таптырмас академиялық зерттеу еңбектері қамтылған. Әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде дайындалған жаңа кітаптар қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелетіні сөзсіз. Олардың әрқайсысы 1000 данамен шықты. Баспа өкілдері алдағы уақытта кітаптар санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Ақерен ЕЛГЕЗЕК, «АБАЙ» БАСПАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Дулат Бабатайұлынан бастап, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Алашорда әдебиеті, сосын қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп есептелетін ХХ ғасырдың бүкіл классиктері, сосын біздің жастар мен орта буын қаламгерлерінің кітаптары еніп отыр. Қазір енді көп жағдайда айтады «жастар оқымайды» деп. Халық кітап оқымайды деп. Оқитын кітап кемшін. Сол себептен осы олқылықтың орнын толтыру үшін осындай шаруамен айналысып жатырмыз.