Абай облысы Аягөз ауданына қарасты аудандық маңызы бар тасжолды еріген қар суы шайып, көпір құрылымының бір бөлігі қирады.Қазір көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Айналма жол бар. Жергілікті атқарушы органдар жол жиегін бөгеу және жол бөлігін инертті материалмен толтыру, қозғалысты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ тұрғындар бұл жайтқа алаңдап отыр."Қардың қарқынды еруіне және күн күрт жылынуына байланысты кіші Аягөз өзенінде су деңгейі 240 сантиметрге көтерілген екен. Мамырсу ауылдық округінің Бозай елді мекенінде көп мөлшердегі еріген қардың суы деңгейінен асып, ауылға жайылу қауіпі бар дейді. Тілсіз жаудың бірі болғаннан кейін бала-шағамызбен ұйықтамай үрейде отырмыз. Көпірді де шайып кетітті. Арнайы мамандар жұмыс істегенімен осы жағдайдың алдын ала алмай жатыр", - деді ауыл тұрғыны Аманбек Мақсұтхан. Оқиға орнында Аягөз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бар. Полиция департаментінің қызметкерлері шектеу белгілерін қойып, кезекшілік ұйымдастырды. Халықты Аягөз өзені арқылы өткізу үшін ТЖД қызметкерлері жіберілген. Олар қажет болған жағдайда жүзу құралдарының көмегімен өткел жұмыстарын жүзеге асыратыны хабарланды. Ал Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялады.