Абай облысындағы алапат өртті сөндіру 3 бағытта жалғасып жатыр7Құтқарушылардың қызыл жалынмен арпалысып жатқанына 6 күн өтті. Екпінді жел тілсіз жауды сөндіруге мүмкіндік берер емес. Осыған орай өрт сөндірушілердің қатары 300-ге тарта адаммен толықты. Отты ауыздықтауға 1800-ден астам адам, 350-ге жуық техника мен 15 тікұшақ жұмылдырылды. Бірнеше күннен бері өршіген өрттің қақ ортасында жүрген жігіттер қызыл жалынды сөндіруге екпінді жел кедергі келтіріп тұрғанын айтады. «Жел түнде тыншиды. Бізге сол уақытта жұмыс істеген қолайлы», - дейді олар. Өрт сөндірушілерге бұрын осы салада еңбек еткен азаматтар да көмекке жетті. Кеше Астанадан 12 адам 3 техникамен жігіттерге жәрдемдесуге келді. Волонтерлер де тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Өрт басында жүрген азаматтарға қызмет көрсететін штаб Озеркий ауылдық округінде орналасқан. Бүгін жайқалған жасыл орманы қап қара күлге айналған Озеркий ауылының тұрғындары құрбандық шалып, тасаттық рәсімін өткізді. Тәңірден жаңбыр тіледі. Расында, жаңбыр жаумаса, алапат өрттің сөнетін түрі көрінбейді.