Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланды. "Семей орманы" резерватындағы өрт 3 жарым мың гектар аумақты шарпыған. Елдімекендерге қауіп жоқ. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында 300-ге жуық адам туыстарының үйіне көшірілген. Тонау фактілерінің алдын алу үшін тәртіп сақшылары кезекшілік етуде. Шұғыл эвакуациялау жағдайында үш бекет, 331 орын дайындалған.Нұрлан ҰРАНХАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жедел штаб құрылды. Жағдай ерекше бақылауда. Өрт ошақтарын сөндіру жүргізілуде. Орман алқабындағы өртті сөндіруге желдің екпіні және сулы батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалысын қиындатуда. Орман өртін сөндіруге 201 бірлік техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауапты сала министрлігіне өрт ошақтарын жойып, келтірілген залалды есептеуді тапсырды. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толығымен сөндіру керек. Бұл - әкімдік пен Төтенше жағдайлар және Экология министрлігінің ортақ міндеті.