Қазақстанда адам азаптау дерегі бойынша бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция барысында Бас Прокурор Берік Асылов мәлім етті.Берік Асылов Қазақстан қатыгездік пен азаптаудың кез келген көріністеріне төзбеушілік саясатын дәйекті түрде жүргізіп жатқанын атап өтті. «Азаптау үшін қылмыстық жауаптылық күшейтілді. 2014 жылы – егер адам қайтыс болған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан 12 жылға дейін ұлғайтылған. 2023 жылғы наурызда бас бостандығынан айырудың ең төменгі және ең жоғарғы мерзімі бір топ адам болып, жүкті әйелдер мен балаларды, бірнеше рет және орташа ауырлықтағы зиян келтіріп, азаптаған жағдайда 3-7-ден 4-10 жылға дейін күшейтілді», - деп атап өтті Б. Асылов. Ал азаптау және қатыгездік әрекеттер кезінде адам өліміне алып келген жағдайда санкцияның ең төменгі шегі 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар азаптау жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босатуға келесі негіздермен: рақымшылық бойынша; ескіру мерзімінің аяқталуы; өкінгені үшін; және тараптардың татуласуы бойынша тыйым салынды. Айта кетейік, халықаралық конференцияға Бас прокурор Берік Асылов, ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Еуропа Кеңесінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшылар қатысып жатыр.