«Заң бәріне ортақ». Мемлекет басшысы елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты пікір білдірді. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаның ерекше бақылауда екенін айтты. Жауаптыларға нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, Президент вандализм, дөрекілік және бұзақылыққа қатысты заңды күшейту қажеттігіне тоқталды. Заң мен тәртіп қоғамның идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс деді. Қазір ұрлық жасау, кісі өлтіру қалыпты жағдайға айналды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокурор Берік Асылов және Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кеңес өткізген Президент осы мәселелерді ымырасыз шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы «заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс», - деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Соңғы кезде орын алған келеңсіз оқиғалар туралы көз көріп, құлақ естіп жүр. Бірі қала мүлкін бүлдіріп, вандализмге жол берсе, енді бірі жақындарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналдырды. Президент мұндайға жол бермеу үшін әйелдер мен балаларға әлімжеттік көрсететіндердің жолын кесу керегін айтты. Қоғамды дүр сілкіндірген соңғы оқиғаға пікір білдіріп, жауаптыларға тапсырма берді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел. Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеунік «өз әйелін өлтірді» деген күдікпен қамауға алынды. Артынша Талдықорғанда полиция басқармасының бастығына қыз зорлады деп айып тағылып, қамауға алынды. Елді дүр сілкіндірген осы жағдайлардан кейін қыз-келіншектер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатуды сұрады. Депутаттардың ұсынысымен осыдан 3 жыл бұрын заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізілген. Соның өзінде жантүршігерлік оқиға азаяр емес. Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бұған дейін ұрып-соғу деген бап болмаған. Ұрып-соғудың бабы, оған қолданатын жазаның түрі, сонымен қатар, буллинг, травля. Бұған дейін травлчға қатысты ешқандай бап болған жоқ. Сол бап енгізіліп отыр және де оның жаза түрі енгізіліп отыр. Осы мәселеде Үкіметтің қайта қарап, біздің ұсынған ұсыныстарымызды қолдауын сұраймыз. 2021 жылы жолдасынан жәбір көргендердің 40 проценті ғана сотқа жүгінген. Қалғаны үнсіз қалды. Олардың бұдан кейін өмірі қандай болғаны беймәлім. Құзырлылардың қолына түскендердің өзі кешірім алып, лезде босап шыққан. Депутаттар әйелдер үніне құлақ асатын кез келді, - дейді. Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Әр адамның конституциялық құқығы қорғалуы керек. Ол ер адам борлсын, әйел адам болсын. Зорлық-зомбылықта балаларға да, әйел адамадарға да жол бермеуіміз керек. Қажет болса заңды қатайтуымыз керек деп ойлаймын. Депутаттар бірауыздан заңнамаға өзгерту енгізуді қолдап отыр. Биыл олар зорлық-зомбылыққа қатысты екі рет Үкіметке хат жолдаған. Қазір ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Әрине, заң мен тәртіп – елдің басты қағидасы. Заң үстемдігі болғанда ғана тәртіп орнайды. Бірақ бәрін тек заңнамаға тіреп қоюға болмайды, - дейді Асхат Аймағамбетов. Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Тек қана заңмен барлық проблема шешілмейді. Бізде құндылықтар негізінде, мәдениет негізінде, осы бағытта, идеологиялық бағытта үлкен жұмыс жүргізілу керек екені анық. Сондықтар әрқайсысымыз өзіміздің балаларымыз бар, балаларымызды тәрбиелегенде, өзіміздің отбасымызда, достарымызбен, ортасызда, міне осы принциптерді ұстанатын болсақ, тиісті тәрбие берсек мұндай жағдайға жол берілмейді. Соңғы болған жайттарға қатысты қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов та пікір білдірді. Ол әйелге тек әлсіз азаматтар қол көтереді, - деді. Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ: Ата-ана өз баласына қалай қараса, балалар кейін басқаларға да солай қарайды. Тәрбиенің негізі отбасында беріледі. Жалпы әйелге қол көтеру еркекке абырой емес. Әйелге әлсіздер қол көтереді. Еркек, әуелі, отбасының қорғаушысы. Келіншегін қыспаққа алып, қыр көрсететін емес, қамқорына алып қарайтын адам. Нағыз ер қабағын түйіп, жуан жұдырығын жұмсамайды. Алақанына салып аялайды. «Батырлығын» балағаттап, бопсалап емес, байсалдылығымен білдіреді. Жарының иығынан итермейді, иық сүйеріне айналады. Қит етсе қырғын шығармай, келісімге келуді жөн көреді.Соққыға жықпайды, сезіммен жетелейді. "Ұрды, демек жақсы көреді" деген пікір жоқ. Қол көтеруді ме, соңы - жаза. Қоғам тәртіпке бағынғанда ғана өркениетке жол ашылады. Заң бай-кедей, ер-әйел, дін-тіл, ұлт-нәсіл деп бөлмейді. Құқық - бәріне ортақ.