Соңғы кезде сахнадан көрінбей кеткен Құрмаш Маханов алғаш рет жеке өмірінен сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Өнер иесі екінші рет шаңырақ көтергенін растады. “Алдыңнан шыққан сынақтан құтылу үшін түрлі амал-әрекет жасаймыз. Мекен өзгерті, құндылықтар алмасу секілді өзгеріс болады. Мысырға кетуім де сондай қадамның бірі. Сапарға жалғыз өзім бардым. Өмірімдегі қиын-қыстау кезең деп айтсам болады. Мысырға астымдағы көлікті сатып кеттім. Сол жақта оқып, тіл үйреніп оралдым. Шаңырағымның шайқалуына Мысырға кетуім әсер еткен жоқ. Керісінше отбасылық өмірімді біржақты етуге, оңаша ойлануға мүмкіндік берді”, – дейді әнші. Өнер иесінің айтуынша, Мысыр елінен келгеннен кейін алғашқы жұбайымен ажырасқан. “2010 жылы Мысырдан оралғаннан кейін ажырастық. Ешқандай айқай-шусыз екіге кеттік. Ортада балалар бар. Оларға да оңай тиген жоқ. Ол кісі тыныштықты қалады. Күн сайын ұрысып, ренжісіп шаңырақтың берекесін кетірмеуді мақсат еттік. Солай екіге кеттік. Алғашқы жарыма "бөлек тұрып көрейік" деп өзім айттым. Бүгінде балалармен де анасымен де байланысым үзілген жоқ. Екіге кеткен күннен бастап, күні бүгінге дейін қарайласып келе жатырмын. Екі жарым жылдан кейін екінші рет шаңырақ көтердім. Қазіргі жұбайым да балаларыммен жақсы араласады. Бойдақ бауырларыма айтарым, жақсы жар таңдау – мың бақыт”, – дейді талантты әнші.