Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен бірнеше адамды ұстады. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазды kaz.nur.kz"Жетісу облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікпен құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы, Талдықорған қаласы әкімдігінде жұмыс істеп жүрген екі қызметкерді, сондай-ақ техникалық қадағалаудың екі қызметкерін ұстап, олар УҰИ-ге қамалды", – делінген хабарламада. Ведомство мәліметінше, ұсталған тұлғалар Талдықорған қаласында коттедж қалашығын салу кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. "Жұмыстарды нақты орындамай, олар мердігерге 500 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын төлегені анықталды. Осы факт бойынша ҚК-нің 189-бабының 2-тармағының 4-бөлігі ("Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", - делінген хабарламада. Ведомство Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты өзге деректер жария етілмейтінін атап өтті.