Ақмола облысында бір топ адам заңсыз алкоголь өнімдерін өндіріп сатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушыларына сату мақсатында Степногорск қаласындағы бір топ тұлға жалған есепке алу-бақылау таңбаларын пайдаланып, заңсыз алкогольдік өнімдерді құятын жасырын цехтар ұйымдастырған. Щучье, Көкшетау, Степногорск және Ақкөл қалаларында тінту барысында алкоголь өнімдерін өндіруге арналған жабдықтар, ыдыстар, сондай-ақ әртүрлі атаудағы сатуға дайындалған 17 000-нан астам бөтелке дайын алкогольдік сусындар, 3 500 литрге жуық алкоголь және 40 000-нан астам жалған есепке алу-бақылау маркалары табылып тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен табылған 2 млн теңгеден астам ақша, сондай-ақ 3 автокөлік тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.