Ақмола облысында тіс дәрігеріне барған 17 жастағы жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты денсаулық сақтау департаменті мамандары тарапынан тексеріс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеріс аяқталған соң қандай да бір қорытынды шығарылатын болады. - Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы жанынан тексеру жүргізу және заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылады. Соның қорытындысы бойынша толық әрі нақты ақпарат беретін боламыз, - деді ведомстводан. Айта кетсек, жақында Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр ауылының тұрғыны Зәуре Күшінова әлеуметтік желіде медицина қызметкерлерінің немқұрайлылығы салдарынан 17 жасар ұлынан айырылып қалғаны туралы жазды. Оның айтуынша, тамыз айында бала өзі тұратын Краснояр ауылындағы емханада тіс дәрігерінен ем алған. Кейін көп ұзамай баланың дене қызу 42 градусқа көтерілген. Дәрігерлер оған тамағы қызарғандықтан «ангина» диагнозын қойып емдеген. Алайда, жасөспірімнің жағдай одан сайын нашарлап, беті қисайып, аяғы сал болып қалады. Артынша бірнеше күн өткен соң ол жансақтау бөлімшесінде комаға түсіп, көз жұмады. Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, - Аталған дерек бойынша Көкшетау қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, оның барысында болған оқиғаның барлық мән-жайлары зерттелетін болады. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментіне тиісті тексеру жүргізу үшін материал жіберілді, - деді ПД баспасөз қызметінен.