Ақмола полицейлері 7 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілерді ұстады.Жақсы ауданының Белағаш ауылының тұрғыны 12 тамызда ұсақ малдың ұрланғаны туралы өтінішпен жүгінді. Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан 123 қойды ұрлап кеткен және 7 млн теңгеден астам залал келген. Полиция қызметкерлері осы фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 4-бөлігі ("Мал ұрлығы") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.Жақсы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікке ілінген топтың 4 мүшесін әшкерелеп, ұстады. Бір қызығы, ұсталғандардың бірі жәбірленушінің туған жиені болып шықты және ол мал басының саны мен орналасқан жері туралы нақты ақпаратты білген. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ұсталғандардың төртеуі де Атбасар тұрғыны және ет өнімдерін сатып алушылар екені анықталды. Олар ұрланған қойдың етін жергілікті дәмханаларға, ет дүкендеріне және адамдарға сатқан. Барлық айғақ арнайы тергеу іс-шаралары барысында расталды. Полицейлер ұсталғандардың басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.