Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды Ақорда. Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Владимир Путин пен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Ресей басшысы құрметті қарауыл бастығымен қоштасты. Қазіргі уақытта Президенттер Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысып жатыр.