АҚШ компаниялары Қазақстанның IT саласына инвестиция құюға ниетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында айтты. Оның сөзінше, АҚШ Сауда палатасы бұған дейін де бизнес серіктестікке дайын екенін айтқан. Сондықтан кәсіпкерлер форумға арнайы келіп, еліміздің түрлі саладағы әлеуетімен танысып жатыр деді.Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: Қазір олар мұнай-газ секторына инвестиция салатын ірі компаниялармен ғана шектелмейді. Атап айтқанда, АҚШ компаниялары өндірісті, машина жасауды, IT-индустрияны, инфрақұрылымды дамыту бағытына инвестиция салмақ. Олар елімізде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отыр. Менің ойымша, біз олармен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей аламыз. Қазірдің өзінде АҚШ өнімдері біздің елде белсенді түрде пайланылып жатыр. Біз Google өкілдерімен кездестік, олармен нақты мәселелерді талқыладық.Астана халықаралық форумы Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтерді. Экономист Сапарбай Жобаев осындай пікірде. Ол мұндай форумдардың пайдасы орасан зор деп сенеді. Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ: Өте үлкен пайдасы бар. Пандемияға дейін Астана экономикалық форумдары болушы еді иа. Сол кезде өте көп пікірлер осы біздің Қазақстандағы қаржы жүйесін, экономикалық жүйені бүтін мынау ТМД ішінде бізді осы форумдар бірінші орынға алып шықты десек те болады. Себебі халықтың да, мамандардың да, басшылардың да пікірлері осы жерде өзгереді.