Сенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Израильге жасалған лаңкестік әрекетті айыптап мәлімдеме жасады. Астана телеарнасы бұл туралы Ақ үйге сілтеме жасап хабарлайды. Сенбі күні таңертең Дж. Байден мен Израиль премьер-министрі Б.Нетаньяху Израильдегі жан түршігерлік қарулы шабуылдар туралы телефон арқылы сөйлесті. Байден Құрама Штаттар ХАМАС лаңкестерінің Газадан Израильге жасаған осы жан түршігерлік шабуылын сөзсіз айыптайтынын атап өтіп, премьер-министр Нетаньяхуға Ақ үйдің Израиль үкіметі мен халқына барлық тиісті қолдау құралдарын ұсынуға дайын екенін айтты. Мәлімдемеде «терроризм ешқашан ақтала алмайды. Израильдің өзін және халқын қорғауға құқығы бар» делінген. АҚШ Израильмен дұшпандық қарым-қатынастағы кез келген үшінші тарапқа жағдайды өз пайдасына шешуге жол бермейтінін ескертті. Байден өз әкімшілігінің Израильдің қауіпсіздігін табанды түрде қолдайтынын мәлімдеді. АҚШ басшысы бірінші ханым Джилл екеуі осы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен барлық отбасылар үшін дұға ететінін айтты. «Қайғылы қазаға жүрегіміз ауырып, зардап шеккендердің барлығының тезірек сауығып кетуіне үміт артамыз», - деді Джо Байден мәлімдемесінде. АҚШ үкіметі Израильдегі жағдайды жіті бақылап отыр және премьер-министр Б.Нетаньяхумен тығыз байланыста болады.