Психотроптық заттарды ірі көлемде мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу фактісін ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тергеп-тексеруде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.Қалалық авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Жетісу» кеден бекетінің аймағында психотроптық зат – тетрагидроканнабинол (ТГК) бар 84 дана электронды темекі салынған пошта жөнелтілімдері анықталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тағы 103 дана электронды темекі және иісі бар қоңыр түсті сұйықтық құйылған 42 клиромайзер табылып, тәркіленді. Бұл сәлемдемелер Қазақстанға АҚШ-тан халықаралық пошта арқылы келген. Сот қаулысымен осы қылмысты жасады деген күдікке ілінген адамға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабы тәртібінде, тергеу мүддесіндегі өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.