Әлеуметтік желіде адамдардың айтуынша, балаларға тиіскен ер адамды ұстау сәті түсірілген фото тарады.Жағдайды анықтау үшін оқиға орнына полиция келді. Маңғыстау облысының полиция департаментінде түсіндіргендей, оқиға 31 шілдеде болған. Сағат 00:25-те полиция бөліміне 26-шы шағынаудан тұрғындары кішкентай балалардың артынан жүгіріп жүрген ер адамды ұстады деген хабарлама түсті. «Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері барды. Тексеру барысында 43 жастағы ер адам балалардың артынан жүгіргені емес, түнде тыныштықты бұзып, адамдарды мазалағаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 437-бабының 2-бөлігі (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деп түсіндірді ведомстводан. Полицияда тәртіп бұзушыға физикалық күш жұмсалмағанын түсіндірді. Баптың бұл бөлімі жеке тұлғаларға 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Бұған дейін желі қолданушылары бір-біріне бейнежазба таратқан. Онда бір әйел 26-шы шағынауданда жүрген ер адамның балаларға тиісіп, беттерінен сүйіп, қолдарынан ұстап алғанын айтқан. Полиция бұл оқиға 28а шағынауданда болғанын хабарлады. 47 жастағы ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 3-бөлігі және 449-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.