«Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің» жатақханасына су тасқынынан эвакуацияланған 203 адам орналасты. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оның 84-і балалар.Аталған эвакуациялық орын 500 адамға арналған. Бұл пунктте адамдар қажетті заттар және азық-түлікпен қамтамасыз етілген.«Белсенді азаматтар мен кәсіпкерлер де қол көмектерін беруде. Жатақханада арнайы медициналық пункт бар. Сонымен қатар қала бойынша азаматтарға көмек көрсететін еріктілер тобы құрылды. Қазіргі таңда 120 ерікті азаматтарға қызмет көрсетіп жатыр», - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.Ақтауда 17-шағын аудан 118-ғимараттағы жатақханада әлі де су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдауды жалғастырады.Бұған дейін Ш. Есенов атындағы университеттің 500 орындық жатақханасы Атырау облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарын қабылдауға дайын екені хабарланған болатын.