Ақтауда жаппай төбелеске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, алты жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.Қалада болған жаппай төбелестен кейін 80-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілді, олардың алтауы уақытша ұстау изоляторына қамалған.“Оқиға орнына полиция қызметкерлерінен құралған жасақ келіп, 15 пен 18 жас аралығындағы 76 адам Ақтау қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелетке толмаған 56 баланың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Сағат 23.00-ден кейін кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде табу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, алты жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Айта кетейік, бұған дейін желіде Ақтаудың 27-ші және 28-ші шағынауданындағы жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелестің видеосы пайда болған еді. “Бөтелкелер, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар мен отшашулар жол бойымен ұшып жатқанын көруге болады. Айқай-шу дауыстар естіліп жатыр”, – делінген жазбада.

Ақтауда жаппай төбелестен кейін 80-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізіліп, алтауы уақытша ұстау изоляторына қамалған
Жаңалықтар



































