Ақтау қаласында мүгедектігі бар адамдарды еріксіз ұстап, адамдар көп жиналатын жерлерде қайыр сұрауға мәжбүрлеген тұлғалар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.«Маңғыстау облысы прокурорының қаулысы негізінде полиция органдары бірқатар іс-шаралар жүргізді, нәтижесінде адам саудасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмыстық іс аясында 2024 жылғы 22 сәуірде Ақтау қаласының аумағында құқық бұзушылық жасауға қатысы бар 5 адам ұсталды», - деп хабарлады прокуратура. Соңғы 5 айда прокурорлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласында 89 тексеру мен талдау жүргізді, нәтижесінде 527 заң бұзушылықтар анықталды, 68 ұсыныс қаралып, 4 наразылық қанағаттандырылды. Прокуратура актілері бойынша мүгедектігі бар 7 мыңнан астам адамның құқықтары қорғалды. Жол берілген бұзушылықтар үшін 284 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 65-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.