Ақтауда сантехник ток соғып, қайтыс болды. Қайғылы оқиға кеше, 28 қазан күні сағат 17.00 шамасында орын алған, деп хабарлайды Aстана телеарнасы жергілікті Lada.kz басылымына сілтеме жасап. 17-шағын аудандағы №3 үй тұрғындарының айтуынша, «Каспий Тауэрс Сервис» коммуналдық компаниясының қызметкері су басқан жертөледе жұмыс жүргізген. Сол сәтте оны электр тогы соққан. Тұрғын үй кешені күзетшісінің айтуынша, зардап шеккен адам дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болған. Жедел жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын мәлімдеген. Белгілі болғандай, қайтыс болған сантехниктің артында төрт баласы қалды. Коммуналдық қызмет қызметкерінің қайтыс болу фактісі өңірдің полиция департаментінде расталды. Жергілікті жерде жедел-тергеу тобы жұмыс істейді.