Ақтау қаласындағы құрылыс қарқыны аясында жекелеген құрылыс салушылар рұқсат құжаттамасын алмай құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген.Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, жалпы, 2022 жылдан бері қадағалау шараларымен 120 нысан бойынша 90 млн теңге сомаға құрылыс салушылар айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды. «Алайда құрылысшылардың заңбұзушылықтарды жоймауы салдарынан сот заңсыз құрылыстарды бұзу бойынша 28 шешім шығарды. Оның ішінде соттың санкциясымен 3 нысан, атап айтқанда Приморский елдімекенінде таунхаус және №9 өндірістік аймақтағы коммерциялық және тұрғын үй кешені бұзылды», - деді ведомство өкілдері. Барлық нысан бойынша құрылыс жүргізуге рұқсат парақтары мен жобалау-сметалық құжаттама болмаған. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес құрылыс салушылардың тиісті рұқсат құжаттарын ресімдемей азаматтардың ақшалай қаражатын тартуға құқығы жоқ екенін хабарлаймыз. Осыған байланысты рұқсат құжаттарын ресімдемеген құрылыс компанияларына қаражат салуға жол бермеуге шақырамыз», - деп ескертеді прокуратура өкілдері.