Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұржұман Ықтымбаев отандық кино саласы жайлы ойын ортаға салды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. Қазақ киносының тарихында есімі дара аталатын Нұржұман Ықтымбаев кинорежиссер Ақан Сатаевтың бір киноны түсіруді аяқтамай, басқа фильмді жарыққа шығаруға қадам басуы қателік деп есептейді. “Оның бір киносын да ұнатпаймын. Адам қиналмағаннан кейін, толғатпағаннан кейін жақсы дүние шықпайды. Қаншама ақша құйылды, нәтиже жоқ. “Алмас қылыш” фильмін ешкім іздеп көрмеді. “Томирис” фильмін білімі жоқ адамның өзі олай түсірмейтін еді. Ол тарихты, географияны білмейтін жігіт. Томиристің ордасы алтынмен апталған, күміспен күптелген сарай болған. Ол болса, қарапайым ғана жасай салған. Кирдің де ордасы дәл сондай. Кинода тіл жоқ. Әзірбайжан мен түрік жігіттерінен сұрап көріп ем, “адам түсінбейтін тіл” деп жауап қатты. Тіл жоқ жерде актер қанша жерден мықты болса да көзінен от көрінбей, жүрекпен сезініп ойнай алмайды”, – дейді ол. Нұржұман Ықтымбаев Нұрлан Қоянбаев жайлы да пікірін білдірді. “Комедия деген жылатып отырып күлдіретін жанр. Комедия өте терең, ауыр дүние. Астары мықты болуы керек. Қоянбаевтың түсіріп жүргені далбаса”, – деді Н.Ықтымбаев. Кино саласының ардагері режиссерлер актерларға жеңіл рөл беріп, қор қылып жүргенін айтты. Әйтпесе, елімізде талантты актерлер аз емес. Ол қос режиссердің киноларының сапасын ортадан төмен деп бағалады.