Ақтөбе қаласындағы мектептерде орналасқан эвакуациялық пункттер жабылып жатыр. Мұнда зарарсыздандыру жұмысы жүріп, балалар мектепке оралады. Ал үйін су басқан тұрғындар жатақхана мен қонақүйге орналасты.Ақтөбе қаласы мен аудандарда 40 мектеп эвакуациялық пункт ретінде жабдықталып, үйіне су кірген адамдарға берілді. Мұнда барлығы 4 мыңға жуық адам қоныстанса, тең жартысына жуығы бала болды. Үш аптаға жуық уақыт өткенде үйіне оралғандар саны артып, мектептер де өз қызметіне қайта көшіп жатыр. – Қазір 5 колледж бен 3 мектеп эвакуациялық пункт қызметін атқарып тұр. Мектептер Ырғыз және Ойыл аудандарында. Барлығы 8 білім беру нысанында мыңнан астам адам бар. Оның 314-і мектеп жасындағы бала. Ал қаладағы мектептерде орналасқан эвакуациялық бекеттер біртінден жабылып, тұрғындар екі жоғары оқу орнының жатақханасына, бір қонақүй мен медресеге орналастырылды. Олардағы адам саны – 349, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.