Ақтөбе облысы Байғанин ауданында үш бірдей ауылмен қатынас үзілді. Оймауыт, Дияр, Миялы ауылдарын аудан орталығымен байланыстыратын жалғыз көпірді су шайып кетіп, халық аудан орталығына жете алмай отыр. Қала көшелері де көлкіген су, тұрғындар белшеден су кешуге мәжбүр. Өңірдегі жағдайды тілшіміз Бақыт Рахметова жеткізеді.Байғанин ауданының Алтай батыр маңындағы көпірді сел шайып кетіп, үш бірдей ауыл ауданмен байланыссыз қалды. Ол елдімекендерге ауданнан азық-түлік жеткізу мүмкін емес. Жұрт үйде бар тамақпен лаждап отыр. Медет ЕРҒАЛИЕВ, «МИЯЛЫ» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауылда енді отырады, тасқын қайтқанша, бір жеті. Алып қойған тамақтарын жеп. Лаждап. Мост дейтіндей мост емес қой. Әшейін салып қойған кольцо ғой, үстін таспен топырақпен бастырып қойған. Мост болса кетпейді ғой. Жылда сондай. Су тасқыны болғанда шайып кетеді. Негізі 5-6 метрлік мост болу керек қой. Мост болса ол тұрар еді. Мамандардың айтуынша, бұл ауылдармен байланыс тасқынның қауіпі сейілген бойда қалпына келтіріледі. Құмар ТҰРМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Байғанин ауданында Қарауылкелді, Оймауыт бағытында орналасқан жолдың бойындағы су өткізу құбыры келген суды өткізе алмай, соның себебінен Алтай батыр маңындағы көпір емес су өткізу құбырын су шайып кеткен оқиға орын алды. Қазіргі таңда үш елдімекенде аудан орталығымен тікелей байланыс жоқ. Бірақ олар Атырау облысы Құлсары арқылы азық-түлік, дәрі-дәрмек мәселелерін шешуге мүмкіндіктері бар. Облыста Алға және Темір аудандарын су басу қаупі басым болып тұр. Қазір бөгеттер нығайтылып, сақтық шаралары күшейтілген. Ал қалада соңғы тәуліктерде жаңбыр жауып, қар еріді. Орталық көшелерді су басты. Серік ДӘУЛЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: Негізі қаламызда су тасқыны наурыз айының соңында басталуы керек еді. Көктем қаламызға ертерек келді. Дайын болмағанда дайын болдық. Казгидромет мәліметтеріне сай, тез еріп ассмашиналар үлгермей қалып жатыр. Су тасқынына қарсы штабқа соңғы тәулікте үш жүзден астам қоңырау түскен. Ақтөбенің өзінен 20 мың текше метр су сорылды. Десе де, жауаптылар құрылғылар мен заманауи техниканың жоқтығы қиындық туғызуда. Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: Бүгін Ақтөбеде ауа температурасы күрт төмендеп, көлкіген су мұз болып қатып қалды. Көшелер көктайғақ. Синопниктер, айдың соңында күн қайта жылиды деп болжап отыр.