Ақтөбе облысында аудан әкімінің орынбасары 15 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Әйтеке би аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 2024 жылғы 9 наурызда полиция қызметкерлері көлік айдап келе жатқан шенеунікті тоқтатқан."Азамат К. полиция қызметкерлерінің алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлықпен мас болу фактісі бойынша медициналық тексеруден өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартты", - деп хабарлады Әйтекеби аудандық соты.Сот отырысында аудан әкімінің орынбасары кінәсін мойындамай, денсаулығына байланысты сараптамадан өте алмайтынын айтты."Алайда әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі іс материалдарымен (бейнежазба, аурухана қызметкерлері мен наркологтың айғақтары) дәлелденді. Дәрігер сотта әкімнің орынбасары медициналық тексеруден бас тартқанын, денсаулығының нашарлағаны анықталмағанын айтты. Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылды", - делінген сот хабарламасында.Сондай-ақ сот оны 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды, деп хабарлады Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық сотының баспасөз қызметі.