Ақтөбе облысында бірнеше күннен бері ақтүтек боран. Соңғы тәулікте облыс аумағында алты жүзге жуық жеңіл көлік, мыңнан астам жүк көлігі мен 23 жолаушылар автобусы қар құрсауынан шығарылды. Бес жүзден астам адам эвакуацияланды. Бес облыстық, төрт респуликалық маңыздағы жол жабылды. Мұғалжар ауданы Жарық ауылында жол жабылған сәтте жүкті келіншекті толғақ қысып, ол жол талғамайтын көлікпен аудандық ауруханаға аман-есен жеткізілген. Боранға қарамастан, жолға шығып, жарты жолда қалғандар да құтқарылды, қауіпсіз жерге жеткізілді.Облыста 114 жылыну бекеті бар. Эвакуацияланғандар сол жерлерге орналастырылған. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Арасында жеті бала бар. Асылбек ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ: Эвакуацияланғандардың арасында 136 Өзбекстан азаматы және 110 Тәжікстанның азаматы бар. Сонымен қатар Ақтөбе облысы бірқатар аудандарында авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаменті күшімен қар құрсауында қалған автокөліктерден 13 адам құтқарылды.