Ақтөбе облысында 19 жастағы тұрғынды 23 жастағы жігіт жұмысқа тұрғызамын деп атына төрт несие алған. Сансоққан тұрғын өз атында 2 миллион теңге қарыз барын банк хабарламаларынан бір-ақ білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazapravda порталына сілтеме жасап хабарлайды.Полицияның мәліметінше, Алға қаласының 19 жастағы тұрғыны кестесі икемді жұмыс іздеген. Оған Мұғалжар ауданының 23 жастағы тұрғыны интернет-дүкенге жұмысқа орналастырамын деп уәде берген.Алаяқ құжаттарды толтырамын деген желеумен жігіттің жеке куәлігін алып, тіпті оның ұялы телефонын пайдаланған. Оған интернет-дүкеннің жұмысын көрсетемін деп алдаған. Нәтижесінде ол ақтөбеліктің атына екі миллионға жуық теңгеге төрт онлайн несие алған. Жәбірленуші бұл туралы банктерден төлемдерді кешіктіргені туралы хабарламалар түсе бастағанда ғана білген. Алға аудандық полиция қызметкерлері кінәсін мойындаған күдіктіні ұстады. Оның үстінен "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бір қызығы, жұмыс берушінің өзі жұмыссыз болып шыққан.