Ақтөбе облысы Алға қаласында құрғақ шөп жанып, саяжай аумағына тарап кетті. Барлығы 10 үй өртенді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.Кеше сағат 14:15-те Алға қаласындағы бау-бақша қоғамдастығының аумағында құрғақ шөп тұтанды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалын саяжай үйлеріне тарап жатқанын анықтаған. «Саяжай аумағында 59 үй бар. Оның 10-ы өртенді. Бұл үйлерде адам тұрмайды, тек бау-бақша дақылдары егіледі. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінен 26 адам және 5 техника жіберілді. Ал жергілікті атқарушы органдардан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 16:30-да ауыздықталды. Қазіргі кезде оттың шығу себебі анықталып жатыр», - делінген хабарламада.