Ақтөбе облысында күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел адам ұсталды. Оның көптеген жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келгені анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.15 наурызда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкіліне уақытша ұстау изоляторында отырған әйел хабарласқаны туралы ресми сайтта ақпарат жарияланды. Екі баланың анасы ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық жасап келген күйеуін өлтіріп қойып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. "Күдікті өзін зорлық-зомбылықтан қорғауды сұрап полицияға жүгінгенін, бірақ тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбағанын айтты. Күйеуінің кезекті агрессиясынан соң, тұрмыстық жанжалдың соңы кісі өлімімен аяқталған", делінген хабарламада. Қайғылы оқиғадан кейін оның екі кәмелетке толмаған баласы қайтыс болған күйеуінің туыстарының қамқорлығына берілген, ал олар жеткіншектердің туған анасымен не нағашыларымен сөйлесуіне тыйым салған. Сондықтан арызданушы балаларымен шексіз сөйлесу құқығын қалпына келтіруді сұрайды. "Мән-жайды зерделеген уәкіл өкілі жергілікті әкімдіктегі қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ полиция департаментіне балалардың құқықтарына қатысты бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың кінәсі туралы мәселені қарау туралы ұсыныспен жүгінді", делінген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сайтында.