Ақтөбе облысының он ауылында соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Алдағы уақытта қауіпсіз ауылдар санын 60-қа жеткізу жоспарланған. Өңірдегі жаңалықтарды Сүндет Оралбеков жеткізеді.«Қауіпсіз ауыл» бағдарламасының аясында Ақтөбе облысында 10 ауыл арақ-шараптан бас тартқан. Ал «ішімдік болмаған жерде қылмыс жасалмайтыны анық» дейді Ералы Тоғжанов. Әкімдік ауылдардағы ақсақалдар алқасымен бірлесіп, бірқатар игі істер атқарған. Аймақ басшысының сөзінше «бұл бастаманың мәнін әр адам түсінсе, қылмыс деңгейі әлде-қайда төмендер еді» дейді. Ералы ТОҒЖАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Арақ ішпеу, темекі шекпеу секілді мәселелер насихатталып жатыр. Бізде қазір қылмыс жасалмайтын 10 ауыл бар. Екі жылдың ішінде мүлде қылмыс болмаған. Бұл жұмыстар жалғасады. Үлгілі ауылдарды көбейтеміз. Өңірде 25 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Оның үш жарым мыңға жуығы атаулы әлеуметтік көмек алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында көмек алушылар 497-ге азайған. Жоба аясында 1300 анаға түрлі кеңес берілген. Ералы ТОҒЖАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 1100-ден асасы бүгін оқытылып шықты. Сонымен қатар ол жерге «бастау бизнес» жобасында енгізіп қойдық. Соның арқасында 1300 ана оқытылып жатыр. 500-ден аса аналар қайтарымсыз грант алып отыр. Мұның барлығы мүмкіндік. Керемет мүмкіндік. «Ауыл Аманаты» жобасының аясында аймақта 134 көпбалалы отбасыға тауарлық кредит берілген. Түйткілді мәселелерді шешу үшін жасалып жатқан бағдарламалардың арқасында облыста 1700-ден астам адам әлеуметтік жағдайын жақсартқан.