Ақтөбе облысының Сарысай-Хромтау стансалары аралығында пойыз шұғыл тоқтатылды. Жол бойына қой-ешкі шығып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қандыағаш стансасы желілік полиция бөлімінің хабарлауынша, оқыс оқиға Сарысай-Хромтау аралығында тіркелген. Онда жолға 25 бас қой-ешкі шығып кеткендіктен жүк вагондарын тіркеген тепловоз шұғыл тоқтатылған. Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, пойыз шұғыл тоқтаған кезде 5 қой өлген. Ал қалғандарын иесі бауыздап үлгерген. "Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 559-бабы 1-бөлігіне сәйкес Хромтау ауданы, Сарысай ауылының тұрғынына айыппұл салынды. 64 жастағы тұрғын малын қараусыз қалдырғаны үшін 9 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді", – деп хабарлады Қандыағаш стансасы желілік полиция бөлімі.